Дін мен дәстүрді ұштастыру
Дін мен дәстүрді ұштастыру

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет.Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері бар. Мысалы, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық.Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай.Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әл-ғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген.Ал, Имам Сархаси хазірет: «Шариғатқа қарсы келмеген әдет және ғұрыппен бекітілген нәрсе, шариғатпен бекітілгенмен тең болады!» -деген. Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам тыйым салмайды. Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа айрықша орын бергенде, орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар:I. Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс. Имам Сархасидің: «Құран мен Сүннетке қарсы келген кез-келген салт есепке алынбайды», - деген сөзі бар.II. Әдет пен ғұрып, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет. Имам Суюти: «Салт-дәстүрмен тек, егер олар кең тараған яғни қоғамдық ортада мойындалған болса ғана санасады, ал егер олар айқын болмаса, есепке алынбайды».III. Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер.Ардақты Пайғамбарымыз: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар.Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігінен деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды. Ол діннің кемшілігі емес, дінді дұрыс түсіне білмеген, оны даналықпен өміріне ендіре алмаған, дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра түсінбегендердің өз кінәсі.Дін атын жамылған ағымдар елімізде көп. Осынау ағым, секталардың ешқайсысы дұрыс емес, бұрыс екендігі айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ өкінішке орай, біздің қаракөз бауырларымыз әлі де болса солардың еліткеніне еріп, желіктеріне желігіп, шырмауынан шыға алмауда. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлей білмегеннен, кім болса соның соңынан еріп, жетегінде еріп, жүре береміз. Сондықтан ұлттық қасиетімізді де бағалай білгеніміз жөн.Қадірлі ағайын! Барша мұсылман бауырлар! Біз ұстанатын мұсылмандық бабаларымыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірілмеуі тиіс. Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауатты ғана болу жеткіліксіз. Біз жан-жақты білімді де мәдениетті болып, «Өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұжданды» болуымыз қажет.Бүгінде Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» -демекші ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» - дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек.Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана егемен еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік Ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және

саясаттану факультеті, исламтану

мамандығының 1-курс магистранты

Айдарханов Саят

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушы,

PhDСатмбековоа Динара Канатқызы.

Sayat AidarkhanSayat Aidarkhan
6 лет назад 3154
0 комментариев
О блоге